Бестөбе №2 орта мектебі
Баяндама:
Тақырыбы: Дарынды оқушылармен жұмыс істеу бағытындағы оқушыларды зерттеу жұмыстары.
Қазақ тілі мұғалімі: Муканова Толкын Бактыбайқызы
2018-2019 оқу жылы.
Бүгінгі педагогикалық кеңестің тақырыбына қойылып отырған өзекті мәселе-бұл әр оқушының,баланың жеке қасиетіне қарай интелектуалды дарындылығын дамыту,яғни дарынды оқушылармен жұмыс істеу бағытындағы оқушыларды зерттеу.
Жас жеткіншектің бойындағы табиғат берген ерекше қабілетті,дарындылықты тани білу,оның одан әрі дамуына бағыт-бағдар бере ерекше қиын іс. Дарындылықты анықтаудың дайын үлгісі,әдіс-тәсілдері жоқ. Бұл орайға, педагогтар, психологтар,әдіскерлердің көптеген еңбектері арналған.
Ұлы Абай өзінің «Жетінші қарасөзінде» баланың ақыл-ойы қабілеттілігі туралы былай дейді:
«Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі-ішсем, жесем, ұйықтасам деп туады. Бұлар-тәннің құмары...өзі өспейді,таппайды. Біреуі-білсем екен деп, не көрсе соған талпынып, жалт-жұлт еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып, бетіне басып, әуен естісе, даусына ұмтылып «бұл не?ол не?не бүйтеді?» деп көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық бермейді. Мұның бәрі-жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен» дейді.
Баланың осы білсем екен, үйренсем деген талабын ұштайтын, жеке ерекшелік қасиет, қабілеттерін ескере отырып оларды білімнен, іскерлік дағдымен қаруландыратын, танымдық ой-өрісін дамытатын мұғалім-ұстаздың шеберлігінде, біліктілігінде!
Белгілі ағылшын психологы Пол Торренстың зерттеулерінде мұғалімдер арасында жиі кездесетін пікір: оқуда қиыншылық туғызбайтын, тәртіпті, ұйымшыл, білімді, тұрақты, ұғымтал, өз ойын нақты және түсінікті жеткізе алатын оқушылар көбірек ұнайды.
Ал қисынсыз сұрақ қоятын, түсініспеушілік туғызатын, қияли, әр нәрсеге көзқарасы бөлек оқушылар ұнамайды. Торренстың зерттеулерінде нақ осы қасиеттер оқушының креативтік дарындылығын көрсететін және оның нашар оқитын оқушылардың арасында да аз емес екенін айқындаған. Сондықтан мұғалімдер осы зерттеулердің нәтижесін есте ұстаған жөн.
Дарынды оқушымен жұмыстың негізгі мақсаты-олардың шығармашылық жұмыста өзінің креативтік қабілетін іске асыруға дайындығын қалыптастыру.
Ал мақсатқа жету-оқу бағдарламасын тереңдетіп оқыту және оқушылардың танымдық белсенділігін дамыту арқылы жүзеге асады.
Баланың дарындылығын анықтап, олармен жұмыс жасау қалай жүзеге асырылуы керек? Ол үшін:
-дарынды оқушыны таңдаған кезде оқушының жеке құжаттарын, мінездемесін, сынып журналын зерттеу;
-оқушының сабақтағы, сабақтан тыс кездегі іс-әрекетіне бақылау жасап, талдау жүргізу;
-әртүрлі әдістерді пайдаланып оқушы білімін тексеретін жұмыстарды ұймдастырып, баланың білім деңгейін анықтау керек.
Кез келген мұғалім осындай жұмыстарды жүйелі жасап және жан-жақты талдау жұмыстарын жүргізе алса ғана, оқушылардың дарындылығын,креативті қабілет-мүмкіндіктерін айқындай алады.
Дарындылықты, оқушының креативті белсенділгін айқындау процесі көп жақты.Дарындылық-табиғи және тәрбиелеу барысындағы дарындылық болуы мүмкін, сондықтан да оның қалай пайда болғанына қарамастан диагностикасы болу керек. Осы тұрғыда мектеп психологі мұғалімдерге көмек көрсетуі қажет.
Дарынды оқушыларды диагностикалауды мынадай бағыттарда жүргізеді:
-оқушының креативті ойлауына
-оқушының өзін-өзі бағалау деңгейіне
-оқушы толеранттылығына
-ол лидер ме?
-өзін оқымысты деп бағалай ма?
-оқушы қызығушылығы.
Дарынды оқушымен жұмыс жүйесіндегі мұғалім маңызды орын алады. Оқушы болашақтағы мамандығына байланысты, яғни кәсіби тағдыры тек қана жақсы мұғалімге байланысты.
Дарындылықты қандай да бір әдіспен анықтау мүмкін емес (мысалы, сынақтан өткізу).
Дарынды оқушыны тәрбие беру мен оқыту барысында біртіндеп сатылап анықтау қажет.
«Бұлақ көрсең, көзін аш» деген ұлағатты сөзге сүйеніп, бар мүмкіндікті пайдаланып, оқушының қабілетін,дарынын ашу-мұғалім міндеті. Өз тәжірибемнен оқушы бойындағы ерекшелікті, қабілетті танып, соған бағыттап дарынды оқушының болашағының ірге тасы дұрыс қалануына үлкен жауапкершілікпен қараймын. Дарындылықтың табиғаты шексіз. Осы дарындылық пен шығармашылықты дамытудың түрлі жолдарының ішінде оқушының өзіндік зерттеу тәжірибесі ең тиімді болып есептеледі.
Педагогикалық үрдісте оқушылардың дарынын ашуда оқушы мен мұғалімнің ынтымақтастығы қажет.
Дарынды оқушының ізденушілік қасиетін қалыптастыру оқытудың түрлі формалары мен әдістері арқылы жүзеге асырылады. Солардың ішіндегі ең тиімдісі оқушының ғылыми қоғамын ұйымдастыру.
Биік танымдық қабілет,тұрмыс-тіршіліктің сырын ұғуға талпыныс оқушының ерте жасынан туындайды екен,сондықтан ізденушілікке баулу бастауыш сыныптан басталуы тиіс.
Шығармашылық шеберлік үшін оқушыға ұстаздың берер психологилық әсері мынадай болмақ:
-«Сен білуге міндеттісің!» дегеннің орнына «Сенің қолыңнан бәрі келеді!», «Сен қабілеттісің» деп, оқушының еркін біліп, сенім білдіру.
-Оқушының қиялын ұштай отырып, сұрақ қоя білуге үйрету.
-Болашаққа бейімдеу - дамыта оқыту.
-Жеке ғана емес, әлеуметтік ойлау қабілетін дамыту.
Мұғалім оқушының қабілетін сабақ кезінен бастап-ақ байқайды, олай дейтінім, мұғалім оқушының бойынан бір ерекшелікті байқағаннан-ақ тапсырманы күрделендіре түседі, өз бетінше жұмыс жүргізуге бағыт-бағдар беріп отырады.
Оқушы тапсырманы орындағанда өзінің бойындағы барлық қабілетін ала отырып, ойланып жұмыспен жалғастырады. Әр мұғалім оқушы бойындағы дарындылықты ашуды өз сабағынан бастайды.
Дарынды оқушылардың қабілеттерін дамыту бағытында істелетін жұмыстар, оқу тәрбие үрдісіне жаңа педагогикалық технологияларды енгізу арқылы оқушылардың білім сапасын арттыру, шығармашылық қабілетін дамыту өзекті мәселелер енгізіп отырғаны белгілі.
Арманға қол созған әрбір оқушының зерделі жол сілтер жетекшісі бар. Ол-ұстаз.
Дарынды оқушылармен жқмыс істеу бағытында оқушыларды зерттеу жұмыстары сан алуан.
Мысалы: «Өзіңе-өзің көмектес» саласындағы материалдар мынадай тақырыптарды қамтиды:
-Мен Қазақстан азаматы ретінде қандай міндеттер атқаруым керек?
-Қазақ халқының ең үздік кем дегенде 50-100 шығармалары туралы не білемін?
-Уақытымның жаулары кім не? ол не?
-Алыс, жақын шетелдегі білім мекемелері туралы не білемін?
-Мінез жағынан жетістігім қандай?
-Білім жағынан жетістігім қандай?
-Сенім жағынан жетістігім қандай?
-Мектепте жетістікке жету.
-Ісіңнен нәтиже ал және талда т.б. тақырыптар мен отырыстар.
Бұл іріктеп алған материалдарымның қай-қайсысы болмасын танымдық, тәрбиелік негізі бар, технологиялық жәрдем бере алатын, ізденіп отырған тұлғаның мәселесі оң шешімін табатындай дәрежеде құрастырылған.
«Есіңде сақта!» позитив- мотивацияға құралған материалдар...
«сені жетістікке жетелейтін сеннен басқа ешкім емес»
«өмірге көзқарасың қандай болса,жеткен биігің де сондай болмақ...
«жетістіктің кілті:талап пен еңбек т.б.
Дарынды оқушымен жұмыс жүйесіндегі ұстаз :жеке тұлғаны жан-жақты дамытудың алғы шарты ретінде оқушыларды сараптап оқыту арқылы шығармашылық қабілетін дамыту.
Осы айтылған тұжырымдарды қорыта келе,дарынды оқушылардың қабілетін дамытудың келесі жолдарын іріктеп алуға болады.
1. Ғылыми-зерттеу жұмыстары
2. Пәндік үйірмелер
3. Тіл мерекелері
4. Абай оқулары
5. Олимпиадалар
6. Интеллектуалды ойындар (дебат клубы)
7. Ғылыми практикалық конференция
(жоба қорғау, зерттеу жұмыстары)
8.Оқушылардың білім деңгейлерін арттыру
(саяхат, мұражайға бару, белгілі адамдармен кездесу)
9.Шеберлік байқауы (би үйірмесі, айтыс, шебер қолдар үйірмесі)
10.Оқушылардың қала, облыс, республикалық шығармалар, жобалар байқауларына қатысу.
Біздің мектепте де дарынды оқушылар баршылық ...
Мектептегі талай оқушылардың қабілеттерін ұстаздар ашқанының арқасында бірнеше оқушылардың дарындылық шығармашылық қабілеттері ашылып, жоғары жетістікке жетіп жатыр.
Қала, облыс, республика көлемінде жарыстарға қатысып жеңімпаз атануда. Жылда мектеп оқушылары пән олимпиадаларына, әртүрлі интеллектуалды жарыстарына қатысып жүлделі орындарды иеленуде.
ҚР Білім туралы заңында мемлекеттік саясат негізінде әр оқушының жеке қасиетіне қарай интеллектуалдық дамуы, жеке адамның дарындылығын дамыту сияқты өзекті мәселелер енгізілген.
Ендеше оқушыны заманына қарай икемдеп, өз заманының озық өнегесін оның санасына сіңіре білу,оларды шығармашылық бағытта жан-жақты дамыту-бүгінгі күннің басты талабы екенін әр ұстаз есінен шығармауы абзал.